
Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында грэпплингтен әлем чемпионаты-2024 басталды. Жарысқа әлемнің 30-дан астам елінен 1800-ден астам қатысушы қатысуда. Чемпионат барлық жас топтары - U15, U17, U20, ересектер мен ардагерлер арасында Grappling және Grappling Gi бойынша өтіп жатыр.
«Грэпплинг қазір бұқаралық спортқа айналды. Ол әлемдегі ең көне беделді спорт ұйымдарының бірі болып табылатын және халықаралық олимпиада комитеті мойындаған United World Wrestling халықаралық күрес федерациясының қолдауымен дамып келеді», - деді ҚР Грэпплинг Қауымдастығының президенті, ҚР грэпплингтен ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Қанат Алин.
Айта кетейік, елорда әлем чемпионатын үшінші рет өткізеді. 2018 жылы грэпплингтен әлем чемпионаты алғаш рет Астанада өтті. 2019 жылы ол грек-рим, еркін әйелдер күресі сияқты олимпиадалық пәндер бойынша әлем чемпионатының бағдарламасына кірді. Сондай-ақ, Қазақстан астанасы 2017 және 2023 жылдары Азия чемпионатын екі рет өткізді.